Ақтөбеде обыр дерті асқынып тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Науқастардың 60 пайыздан астамы 1, 2 сатысында дәрігерге қаралып, ем қабылдайды. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары.
«Өткен жылы 1448 адамнан қатерлі ісік анықталды. Көбі алғашқы сатысында ем қабылдады. Дерттің анықталуына скринингтік тексерулер әсер етіп жатыр. Өңір бойынша бірінші орынға асқазан обыры шықты. Өткен жылы 167 адамнан, яғни, науқастардың 20 пайызынан асқазан обыры анықталды. Содан кейін өкпе, сүт безі, тері мен өңеш обыры тұр. Қатерлі ісік бойынша Мәртөк, Ырғыз аудандары мен Ақтөбе қаласында өлім жиі тіркелген»,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Көбі өкпедегі қатерлі ісіктен көз жұмған. Облыстың бас онкологі Әріп Қойшыбаевтың айтуынша, өткен жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 71 адам түрлі обыр дертінен қайтыс болған. Айта кетейік, Ақтөбе облысы медициналық кластерді дамыту мақсатында келер жылы позитронды-эмиссиондық томография сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл аппарат обыр дертіне шалдыққандарды отадан кейін қайта тексеріп, ісік қайталанса, оны ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Фото: www.spressclub.ru