Елімізге үш тілді меңгерген, кез келген жерден ақпарат ала алатын, өз ісін жақсы меңгерген кадрлар қажет. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология және педагогика факультетінің деканы Раушан Әміренова берген мәліметке сілтеме беріп хабарлайды.
Оның сөзінше, Елбасының бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіп отырған саясаты аясында «Үш тұғырлы тіл» - елдің ертеңі үшін қажет мәселе.
«Үш тұғырлы тіл» саясатының нәтижесі ретінде жоғары оқу орындарында үш тілді меңгеріп, білім алып жатқан «Болашақ» бағдарламасының мамандарын атап өтуге болады. Алғашқы ілкі жоба ретінде 2012 жылдан бастап біздің университет тарапынан көптілді мұғалім мамандарды даярлау ісі қолға алынды. Кейін бұл жоба 2014 жылы магистратурада да іске асырыла бастады. Қазір 17 мамандық бойынша көп тілде білім беру бағдарламасы бойынша сабақ жүргізіледі. Соңғы бес жыл ішінде осы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін 60-тан астам оқытушымыз АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Эстония, Кипр, Португалия, Испания, Германия сияқты елдердегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп келді, - деді Раушан Әміренова.
Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолға алып отырған сарабдал саясаты мен бәсекелестікке қарсы тұра алатын еліміздің мықты экономикасының арқасында Қазақстан дамудың барлық сатысынан мүдірмей өтіп, дамыған 30 елдің қатарына қосылатынына сенім артып отыр.
Фото: inform.kz