Жамбыл облысында қызын зорлады деп қайнысын 15 жылға темір торға тоғытқан келіншек енді оны сүттен ақ, судан таза деп отыр. Тіпті, қайнысының үстінен жалған арыз жазуына тергеушілерді кінәлады. Айтуынша, полицейлер алдап жала жапқызған. Ал кейін қарсы арызды қабылдамай қойыпты. Бірақ полицейлер Айбек Құтылмұратовтың қылмысы толық дәлелденді дегеннен танбай отыр, деп жазады КТК телеарнасы.
Қайнысының қолына кісен салдырған Жұлдызхан Балмағанбетова енді оның кінәсіз екенін дәлелдеумен әлек. Айтуынша, үйіне мас болып келіп мазасын алған Айбекті сабасына түсіру үшін тәртіп сақшыларына шағым түсірмек болған. Бірақ ішкі істер бөліміне келген келіншекті тергеушілер тентекті тезге салу үшін ауыр айып тағуға үгіттепті.
Жұлдызхан Баймағанбетова, А.Құтылмұратовтың жеңгесі:
-Шығарып береміз қайныңызды, тек бізге арыз түсу керек мына жерге болды деп тұрып алды. Және арыз жазғаныңды үй-ішіңе айтпай-ақ қой деді. Оны жоқ қылып жібереміз деді.
Жұлдызхан қателік жасағанын артынан түсініп, қарсы арыз жазбақ болдым дейді. Айтуынша, тергеушілер оны қабылдамай қойған. Сөйтіп, іс сотқа жетіп, Айбек Құтылмұратов 15 жылға сотталып кете барады. Оның кінәсіз екенін дәлелдемек болған әреккеттерінен түк шықпаған. Тіпті 11 жастағы қыздың жәбір көрмегендігін Қордайдағы сараптама растаса да, ескерусіз қалыпты.
Жұлдызхан Баймағанбетова, А.Құтылмұратовтың жеңгесі:
-Өз кінәмды мойындап тұрмын. Қандай жаза берсе де, өтеуге дайынмын. Ол баланы жазаға тартқым келмейді. Маған ешкім күш көрсеткен жоқ, қорқытқан жоқ, мен өз еркіммен айтып отырмын.
Ал полицейлер бұл қылмысқа молекулярлық-генетикалық сараптама арқылы көз жеткіздік дегеннен танбай отыр. Яғни жігіт жеткіншекпен жыныстық қатынасқа түспегенімен, әрекеттенген. Оған қыздың ішкі киімінен табылған ДНК дәлел екен. Ал Жұлдызхан Балмағанбетованың тергеушілерге таққан айыбы жалған дейді.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-Анасы мен қызының алғашқы түсініктемелері толықтай расталды. Сараптама нәтижелері бойынша күдіктінің зорламақ болған әрекеті дәлелденген.
Келіншек қызының арын құрбан етіп қайнысын ақтап жатыр ма? Немесе Айбек Құтылмұратовтың жалған жаламен сотталып кеткені рас па, ол жағы әзірге жұмбақ. Бірақ азғын деп танылған азаматты сүттен ақ судан таза деген жақындары оны ақтау үшін апелляциялық шағым түсірді. Сот шешімі жуырда белгілі болмақ.
Фото: stan.kz