Тараздық ұстаздар Елбасы Жолдауына қатысты пікір білдірді

Кеңес соңында Мемлекет басшысының Жолдауын институт ұжымына түсіндіру және нақты жүзеге асыру шаралары бекітілді.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына талқылау мақсатындағы жиын өтті, деп хабарлайды zakon.kz ТарМПИ-дың Ақпараттық-имидждік қызметінің басшысы Жандар Асан берген мәліметке сілтеме жасап.

Алқалы басқосуда оқу орнының профессор-оқытушылары мен жас ғалымдары биылғы жылғы стратегиялық маңызды құжаттың білім саласының дамуына жол ашатын бағыттарына кеңірек тоқталып, үш тілде білім беру мәселелері жайындағы пікірлерімен бөлісті.

"Үш тұғырлы тіл" саясаты институттың Даму стратегиясында айқын көрсетілген. Себебі, үш тілде білім беру – бүгінгі заман талабы, бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. 2012 жылдан бастап оқу орнымызда көп тілде білім беру бағдарламасы бойынша мұғалім мамандарды даярлау іске асырылып келеді. Көрсетілген мақсаттарға жету үшін бірқатар міндеттер жүзеге асырылуда. Мәселен, институтта көп тілді орта жасау, үш тілде оқытуды енгізу және ағылшын тілінде оқулықтар шығару қолға алынған. Сонымен қатар, тарих, математика, информатика және химия мамандықтарының студенттері көп тілде білім беру жүйесі бойынша оқытылуда. Алдағы оқу жылында тағы 4 мамандыққа аталған бағдарлама енгізілмек. Үш тілде білім беруде бірқатар қомақты нәтижелерге де қол жеткіздік. Елбасы биылғы Жолдауында үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлену керектігі, оның ішінде қазақ тілінің басымдығын сақтауға және әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінетіндігі айтылды. Бұл бүгінде кезек күттірмейтін өзекті мәселе екендігі рас", – деп атап өтті жиынға қатысушылар.

Сонымен қатар, келелі кеңесте білікті мұғалім даярлау мәселесі де қозғалып, Елбасы жүктеген міндеттерді оқу орнында жүзеге асырудың нақты бағыттары белгіленді. Атап айтқанда, үш тілде білім беруді одан әрмен дамыту, жоғары оқу орнының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талапты күшейте түсуге баса назар аударылды.

Кеңес соңында Мемлекет басшысының Жолдауын институт ұжымына түсіндіру және нақты жүзеге асыру шаралары бекітілді.

Следите за новостями zakon.kz в: