Қостанайлық қыз мұз үстінде селфи жасаймын деп суға түсіп кетті. Бұл жағдай Қызылжар су бөгетінде 2ақпан күні түске таман болды. Мамандардың сөзінше қазір су бетіндегі мұздың қалыңдығы 4см ден аспайды,-деп жазды stan.kz, Алау басылымы жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап.
Тұрғындар бұл жерде балықшылардың көптеп жүретінін айтады. Ал 25 жастағы бойжеткен ерекше суретке түспек болып, суы тереңдеу жерге барса керек. Жұқа мұз жарылып қыз суға түсіп кетеді. Сол маңдағылар оны дереу құтқарып дәрігер мен құтқарушыларды шақырған.
Дәрігерлер оны дереу ауруханаға жеткізген. Қыз өзін іздеп келген журналистерден бетін жұртқа көрсетпеуді сұраған.
«Өзенге келіп суретке түспекші болдым. Қарасам балықшылар отыр екен, олар отырғанда мені де мұз көтереді деп ойладым. Телефонның камерасын суретке түсуге ыңғайлай бергенім сол еді мұздың жарылып жатқан даусы шықты. Жағаға шығып үлгермей, сынған ойыққа түсіп кеттім. Бірден өзім қайта секіріп мұз бетіне шықтым. Балықшылар келіп алғашқы көмек көрсетіп полиция мен дәрігер шақырды. Телефонымның несиесін енді төлеп біткен едім, суда қалды. Ештеңе емес, есесіне басым аман»,-дейді қыз.
Жазды күні тура осы жағадағы көпірден жас қыз суға құлаған еді. Өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды осындағы күзетшілер құтқарып қалған еді.
Фото: stan.kz