Солтүстік Қазақстан облысындағы Астраханка–Смирново–Қиялы–Тайынша және Алексеевка бағытындағы жолдар күрделі жөндеуден өтеді. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе биыл қолға алынбақ, деп жазады Хабар 24 арнасы.
Осы мақсатқа 800 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. Алқабы сары алтынға толған Аққайың өлкесінің әкімі ел алдында есеп беріп, атқарылған жұмыстарын саралады. Өткен жылы Шағалалы округінің әлеуметтік дамуына ел қазынасынан 60 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жолдар қалпына келтіріліп, жарықтандыру мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Енді тұрғындар атқарушы билік көктемгі су тасқынына қарсы шараларды күшейтсе дейді.
Төлеген Алпысов, Шағалалы ауылының тұрғыны:
- Былтыр да үйімізге су кірген еді. Біздің көршілерге де су кіріп, үй суға толды. Енді биыл да сондай жағдай бола ма деп, қорқып отырмыз.
Есептік кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселе де осы болды. Өйткені ауылдың солтүстік бөлігі ойда орналасқан. Оның үстіне жауған қардың көлемі екі есеге көп.
Гүлмира Добромирова, Шағалалы ауылдық округінің әкімі:
- Былтыр біз ол жаққа жаңа жол төсеген едік. Сәйкесінше жаңа су өткізетін құбыр орнаттық. Егерде ол аздық ететін болса, биыл ол жұмыстарды тағы жалғастыратын боламыз. Жалпы су тасқынына қарсы арнайы комиссия құрылды. Оның үстіне бұл мәселені бүгінде аудан әкімі де өзінің жеке бақылауына алды.
Ал ауылдағы жалғыз мектепте 200-ге тарта оқушы білім алады. 40 жылға жуық тарихы бар білім ошағының биыл барлық терезелері жаңасына алмастырылмақшы. Ал былтыр мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Оған ел қазынасынан 55 млн теңге қаржы жұмсалған екен. Жалпы былтырғы кездесулерде тұрғындар тарапынан 12 мәселе көтеріліп, олардың барлығы шешімін тапқан.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура
Фото: 24.kz