Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккендер сотқа арызданды

Сот процесі барысында прокурорлар екі экс-шенеунікті жауаптан босатты.
Қарағанды облысының Көкпекті ауылында болған су тасқынынан зардап шеккендер жаппай сотқа арызданды. Қазіргі күні азаматтық істер жөніндегі сотқа барлығы 230 шағым түскен, деп жазады Хабар 24 арнасы.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан тура үш жыл бұрын кенді шаһардың іргесіндегі Көкпекті ауылында бөгет жарылып, қызыл су елді мекенді шайып кеткен болатын. Салдарынан 300-ге жуық үй қирап, 5 адам ажал құшты. Бұған қоса, ірілі-ұсақты мыңға жуық мал қырылды.

Осыдан кейін су қоймасының қожайыны Владимир Крючков, Көкпекті ауылының сол кездегі әкімі Бақытжан Смаилов және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бұрынғы басшысы Ринат Жантүліков сотқа тартылған.

Алайда сот процесі барысында прокурорлар екі экс-шенеунікті жауаптан босатты. Ал Крючков екі жылға бас бостандығынан айырылды. Судьяның айтуынша, сотқа арызданғандардың қатарында ауыл тұрғындармен қатар мемлекеттік органдар да бар.

Жанна Сейдалина, Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы:

- Көкпекті ауылындағы қираған үйлерді қалпына келтіруге мемлекет қыруар қаржы жұмсады. Енді соның қайтарымы болу керек қой. Сондықтан бұл шығынның барлығын Көкпекті ісі бойынша сотталған азаматтардан өндіріледі.

Фото:24.kz
Следите за новостями zakon.kz в: