Әкесінің қандай жағдайда көз жұмғаны туралы Евгения Давлетшина әкесі Ақтауда жалдап тұрған пәтер иесінен естіген. Алайда құқық қорғау органдарына барған әйел Алик Давлетшиннің өлген адамдар қатарында жоқ екенін білген. Ал аз уақыттан кейін Евгения ақтаулық қаңғыбастар туралы роликті көріп қалып, өз әкесін танып қойған. Бұл туралы stan.kz, Лада жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап жазды.
Евгениянің сөзіне қарағанда, Алик Давлетшин Ақтауға вахталық жұмыс істеу үшін 2013 жылы аттанған. Ол ара-тұра отбасымен байланысып тұрыпты.
«Әкем көптен бері бізбен бірге тұрмайды. Алайда біз араласып тұратынбыз. Ол бізге көмектесіп тұратын. Ешқашан ішімдік ішпейтін керісінше әркез көп жұмыс істейтін. Ол өмір бойы сапарда жүргендіктен, анда-санда бір хабарласатын. Сондықтан да ол хабарласпай кеткен алғашқы уақытта біз аса уайымдаған жоқпыз», – дейді Евгения.
Әкесінен бір жыл бойы хабар келмегеннен кейін Евгения әкесі Ақтауда пәтерін жалдап тұрған әжейдің телефон нөмірін тауып алды.
«Ол әжей әкемді мас күйінде 2015 жылы өлтіріп кеткенін айтты. Әрине, біз есеңгіреп қалдық. Бүкіл отбасымызбен жыладық. Ал есімізді жиған соң мен құқық қорғау органдарына барып, әкемнің жерленген жерін анықтамақшы болдым. Сол кезде полицейлер әкемнің өлгендер қатарында жоқ екенін айтты. Одан бөлек, 2016 жылы ата-жөні менің әкемдікіне ұқсас азаматтың Маңғыстау облыстық ауруханасына түскені белгілі болды. Оның не құжаты, не тұрғылықты мекен-жайы болмаған. Полицейлердің маған берген бар ақпараты осы», – дейді Евгения.
Үйіне оралған әйел әкесі туралы мағлұматты ғаламтордан іздей бастайды. Сөйтіп 2015 жылы Lada.kz порталында Ақтаудағы қаңғыбастар туралы жарияланған видероликті көріп қояды.
Тұрғылықты жері жоқ азаматтардың арасынан Евгения өз әкесін танып қойды.
«Жақын адамыңды ешкіммен шатастырып ала алмайсың. Кір-қожалақ әрі сақал-мұрты өсіп кетсе де, ол азаматтың әкем екеніне сенімдімін», – деп жалғады сөзін әйел.
Евгения Давлетшина Ақтауға бару үшін билет те сатып алып қойды. Ол әкесін тауып, үйге алып қайтуды қалайды.
Ал 2015 жылы берген сұхбатында Алик Давлетшин:
«Бір жылдан бері көше кезіп жүрмін. Құжатым жоқ. Әртүрлі мекемелерге барып, құжатымды қалпына келтірмек болдым. Алайда барлық жерден мені қуып шығады. Сондай-ақ, қыста аяздан өліп қалмайын деп оңалту орталығына жатпақшы едім, тағы жолым болмады. Бір жерден екінші жерге сілтей береді. Ақырында қолымды бір сілтедім», – деген екен.
Соңғы рет Аликті осы жылдың басында 14 мөлтек ауданынан көргендер бар.
Фото: stan.kz