Полицей жол апатынан аман алып қалған оқушылар шахматтан облыс чемпиондары атанды

Жарысқа 70-ке тарта шахматшы қатысты.
Осыдан бірнеше күн бұрын жол апатына ұшыраған Баянауыл ауданының оқушылары шахматтан облыстық турнирде топ жарды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының білім беру басқармасы атап өткендей, баянауылдықтар осымен 12-ші мәрте чемпион атағын алып отыр.

- Үш күнге созылған додада аудандар арасында Баянауыл ауданының оқушылары алға шықты. Екінші орынды - Ақтоғай ауданының, үшінші орынды Ертіс ауданының оқушылары иеленді. Қалалар арасында Павлодар қаласы көшбасшы атанса, екібастұздық оқушылар екінші орынға лайық деп танылды. Ақсулықтар үшінші орынды қанағат тұтты. Жарысқа 70-ке тарта шахматшы қатысты, - деді білім басқармасында.

Айта кетейік, бұл күні облыс бойынша 11982 бала шахмат үйірмелерінде дайындалуда.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана-Павлодар» тас жолында Қалқаман ауылының маңында жол апаты орын алған болатын. 18 оқушы отырған мектеп автобусын Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкері «Лада Гранта» көлігімен ертіп келе жатқан.

Кенеттен қарсы жолаққа жүк көлігі шығып кетіп, оқыс жағдай орын алған. Қызметкерлердің бірі Мұрат Нұрсейітов ауыр жарақаттармен ауруханаға түскен. Тағы бір тәртіп сақшысы Баянбек Жүнісов ауруханаға жатудан бас тартты. Оқушылар зардап шеккен жоқ.

Автор: Абзал Қабдраш

Фото: Рavlodarnews.kz
Следите за новостями zakon.kz в: