Ақтөбеде ҚР Көші-қон туралы заңын бұзған 108 шетелдік елден шығарылды. Дені - Өзбекстан азаматтары. Бұл туралы облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасының взвод командирі Аслан Қасқырбаев мәлімдеді. Ел аумағында болу ережесін бұзған 287 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Baq.kz.
«ҚР аумағында болу ережесін бұзған 287 шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, сот органдарының шешімімен 108 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Тіркеу ережесін бұзған 45 азамат пен шетелдіктерді заңсыз жұмысқа салған 20 қазақстандық жұмыс берушіге әкімшілік жаза қолданылды. ҚР Көші-қон заңнамасын бұзудың 4 фактісі анықталып шетелдіктерге қатысты 4 қылмыстық іс қозғалды», - дейді Аслан Қасқырбаев.
Ақтөбе облысына табыс табуға келгендердің бірі - Қайрат Рузменов. Хорезмнің 34 жастағы тұрғыны "отбасын асырау үшін шетел асуға тура келеді" дейді. Қазақстанда еңбектерінің жақсы бағаланатынын да алға тартты.
«Өзбекстаннан жұмыс жасауға келдім. Сегіз жылдан бері осылай ақша табамын. Мұнда жалақы жақсы. Елімізде жұмыс бар. Бірақ ақшаны аз төлейді. Барлығы отбасы қамы үшін», - дейді Өзбекстан азаматы Қайрат Рузменов.
Заң бұзушылықтар Ақтөбедегі көлік жөндеу жұмыстарында анықталған. Ал, көші-қон полициясы басқармасы мамандарының айтуынша, өңірде табыс табатын шетелдіктер көктемде көбейеді. Құрылыс науқаны аяқталысымен күзде елдеріне қайтады.
Авторы: Әсел Абат
Фото: Liter.kz