Павлодар облысында қалың қардың зардабын көрген Май, Баянауыл, Шарбақты, Лебяжі аудандарының ауылдарына жол ашылды, деп хабарлайды Baq.kz.
Бірнеше күн бойы үздіксіз соққан боран өңірдегі ондаған ауылды қар құрсауында қалдырған болатын. Елді мекендерге апаратын жолдарды үш метрлік омбы қар қалыптасып, жол қозғалысын қиындатты. Бірқатар ауылдарда азық-түлік қоры таусыла бастаған еді. Бірақ, ауылдағы ағайын БАҚ арқылы дабыл қағып, жергілікті биліктің бейқамдығына шағым түсірген болатын. Көп ұзамай мәселе шешімін тапты.
Ауыл атқамінерлері арнайы техника тартып, қар басқан учаскелерді күні-түні тазалап жатыр. Қардан көз ашпаған Павлодар ауданына қарасты Маралды ауылының тұрғындарының көңілі қош. Бірнеше күн бойы ауыл көшелері қардан тазартылып, жолдар ашылды. Жұмыс орындарына жете алмаған азаматтар діттеген жерлеріне жетті. Бүгінде бұл ауылда 500-ге жуық азамат тұрады.
«Жағдайымыз жақсарды. Көрші ауылдарға баратын жолтар тазаланды. Көршілес жатқан Толыбай ауылында туысқаным көз жұмып, жерлеу рәсіміне бара алмай қаламын ба деп алаңдап едім», - дейді Маралды ауылының тұрғыны Сәуле Қалиева.
Қар құрсауында қалып, сыртқы ортамен байланысы үзілген Баянауыл ауданының Ақши және Ұзынбұлақ ауылдарында да жағдай түзелді. Аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтың айтуынша, Ұзынбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақши ауылында арнайы техника қар тазалау жұмыстарымен айналысуда.
«Округке қарасты Ұзынбұлақ және Ақши ауылдарында 1000-ға жуық халық бар. Жолдарды ашу үшін оннан астам ауыр техника жұмылдырдық. 20 жұмысшы атсалысты. Биыл қар қалың түсті. Баянауыл ауданында қардың мөлшері 2,5 есеге артып кетті», - дейді Оразгелді Қайыргелдинов.
Айта кетейік, көктемде қар күрт ерісе, тұрғындар қызыл судың зардабын 47 ауыл көруі әбден мүмкін. Былтыр олардың саны 31 болған еді. Сондықтан, 9 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекендер төтенше жағдайлар қызметінің жіті бақылауында.
Фото: Baq.kz