Павлодар облысында көктемгі су тасқынның алдын алу мақсатында Ақсу қаласының сыртындағы бөгеттерді күшейту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов Ақсу өңірі бойынша көктемгі тасқынның алдын алу жұмыстарымен танысып, бірқатар тапсырмалар берді.
- Қаңтар айынан бастап біз су бөгеттерінің енін төрт метрге дейін, биіктігін 50-60 сантиметрге ұлғайттық. Үш тоннаға жуық топырақ себілді. Сондай-ақ, жаңа салынған көпірде су деңгейін қадағалайтын шандорлы құбырды орнату бойынша жұмыстар жасалуда, - деді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Қаршыға Арынов.
Павлодар облысы ТЖД-нің бастығы Әлібек Длимовтың сөзіне сүйенсек, биылғы қыста өңірге соңғы бес жылда болмаған қар жауған.
- Жыл сайынғы қардың деңгейі 18-19 см. болатын. 2016 жылдың қысында көрсеткіш 24-26 см-ге дейін артқан. Былтыр табиғи апат орын алуы мүмкін елді мекендер саны 36 болса, биыл 47-ге жетіп отыр. Қазіргі күні 2923 тонна жанар-жағармай, 8 000 тонна инертті материал мен 60 000-ға жуық құм толы қап, 140-қа жуық техника мен 400-ден аса қызметкер дайын, - деді Әлібек Длимов.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов дайындық жұмыстарын 8-наурызға дейін пысықтауды тапсырды.
Абзал Қабдраш
Фото: Рavlodarnews.kz