Алматы облысында екі адам өрттен көз жұмды. Оқиға Талдықорған және Ұйғыр ауданында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Талдықорғанда өткен тәулікте көпқабатты үйдің бірінен өрт шыққан. Оқиға орнынан 1985 жылғы азаматтың мүрдесі табылды. Алдын ала болжам бойынша, ішімдік ішкен ер азамат темекі тартып жатып ұйықтап кеткен көрінеді. Өрттің шығуына осы жайт себеп болуы мүмкін. Себебі, мәйіт табылған төсек маңынан ішімдік құмырасы және темекі тұқылы табылған.
Ал Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы тұрғын үйдің бірінде өрт болып, оқиға орнынан 2007 жылғы, яғни 10 жастағы баланың мүрдесі табылды. Аталған жерде өрттің шыққаны жөнінде хабар 28 ақпан күні түнгі он екілер шамасында түскен. Қазір осы екі факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, өрттің шығу себебі анықталуда.
Фото: inform.kz