Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және Түлкібас аудандық мәслихатының келісімі бойынша Түлкібас ауданының әкімі лауазымына Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбековті тағайындады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа әкімді аудан активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы Түлкібастың өзіндік ерекшелігі бар аудан екенін ескертті.
«Бұл аудан туризмге өте қолайлы. Жол бойындағы қызметтік сервистің сапасын жақсартуға көңіл бөлген жөн. Одан бөлек, аудандағы жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлік пен агросаланы дамытып, өңірге инвестиция тарту мәселлеріне мән берілуі қажет. Жаңа әкімдеріңіз бұл мәселелердің де шешімін табады деген сенімім бар», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков 1980 жылы туылған, қазақ, білімі жоғары, инженер-экономист, инженер-жерге орналастырушы.
Еңбек жолын 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында «ОңтүстікҚазақстанжер Ғылыми өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорынының Ордабасы жер-кадастрлық бюросында жерге орналастырушы ретінде бастаған.
2002 жылы Ордабасы аудандық жер-кадастрлық бюросының меңгерушісі, 2009 жылы Сайрам жер-кадастрлық бюросының директоры, 2010 жылы «ОңтүстікҚазақстанжер Ғылыми өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорынының директоры, 2012 жылы (Астана қаласы) «Жер Ғылыми өңдірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Бас директорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.
2016 жылдың сәуір айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» дирекциясы директорының орынбасары, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» дирекциясы Мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы лауазымын атқарып келді.
Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі