Ақтөбеде кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың арасындағы жүктілік азаймай отыр. Ал дәрігерлерді жыныстық қатынасты ерте бастайтын жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығы алаңдатады. Қазірдің өзінде облыста 14-16 жас аралығындағы 170-ке жуық мектеп пен колледж оқушыcы аяғы ауыр әйелдердің тізімінде тұр, деп жазады 31 телеарна.
17 жасында балалы болып, жастайынан ана атанған қыздардың бірі Кәмила Темірбекова. Айтуынша, жүкті болған күннен бастап анасы қызынан теріс айналыпты. Отбасында күнде ұрыс-керіс, жанжалдан шаршаған жеткіншек ақыры аналар үйіне келуге мәжбүр болған. Қазір оның Әлімжан есімді екі айлық ұлы бар.
КӘМИЛА ТЕМІРБЕКОВА, Жас ана:
- 20 күндей үйде болдым. Мені мамам алып кетті роддомнан. Күнде ұрысамыз. Бір ай болды үйден кетіп қалғаныма. Маған осы жер жақсы. Неге? Өйткені осы жерде ұрыс жоқ, айқай жоқ. Мамам келді, бірақ менің үйге барғым келмейді.
ЖАНАР ҚОЖАНОВА, Тілші:
- Жастайынан жүкті болып, бастарына қиындық түскен жас қыздар көбі міне осы аналар үйін келіп паналайды. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, туғандары теріс айналған қыздар осы жерден сәбилі болып, осы жерден аяқтануға мәжбүр. Өйткені оларды түсінетін жан, баратын жерлері жоқ.
Жалпы мектеп қабырғасынан бастап жыныстық қатынасқа түсетін оқушы қыздардың саны, өкінішке қарай, Ақтөбеде жыл сайын артып келеді. Бүгінгі күннің кеселіне айналған бұл жағдай дәрігерлерді де алаңдатып отыр. Тек өткен екі айдың ішінде аяғы ауыр болған 24 қыз тіркеліп үлгерген. Ақ халаттылардың айтуынша, қыз балалардың ерте есейіп, жыныстық қатынасқа ерте түсуі көбіне отбасындағы жағдайларға байланысты. Өйткені көп уақытын жұмыста өткізетін ата-ана балаларын қадағалай алмай жатады. Ал осындай еркіндікті сезінген жас жеткіншектер артынан түрлі жағдайларға душар болады дейді гинеколог - дәрігерлер.
САЛТАНАТ ТУБУЛБАЕВА, Ақтөбе облыстық перинатальдық орталығының балалар гинекологы:
- Өткен 2016 жылы кәмелеттік жасқа болмаған 145 қыз бала бізге келді. Жүкті болғандардың 90 пайызы 17 жасқа толған қыздар, ал 10 пайызы 14 пен 16 жас аралығындағылар. Жалпы мұндай жағдайға әлеуметтік жағдайы төмен емес, керісінше толыққанды отбасынан шыққан қыздар тап болып жатады. Бір айта кетерлігі бұл жаста қыздардың ағзасында етеккірдің келу уақыты да бұзылады. Ал жүрек айнуды олар асқазан деп ойлайды. Сондықтан аяғы ауырлаған қыз да, оның анасы да жүктілікті дер кезінде білмейді. Бізге кеш келіп жатады.
Дәрігерлердің айтуынша, ерте жүктілікке көбіне ауылдан қалаға оқуға келген жас қыздар ұшырап жатады. Және сол көпшіліктің басым бөлігін колледжде оқитын қыздар құраса, қалғаны 10 мен 11- сыныптағы мектеп оқушылары. Ерте есейіп, ана атанатын қыздар көп жағдайда тұрмысқа шығып жатса, қалғандарының баласын қыздың ата-аналары өз аттарына жаздырып, өздері асырап жатады екен.
Фото: chabarman.kg