Баянауыл ауданының тұрғындары қаңғыбас иттерді жоюды жалғастыруды өтінуде

Бүгінгі күнге дейін барлығы иесі жоқ 67 иттің көзі жойылды.
Баянауыл ауданының тұрғындары қаңғыбас иттерді жою шараларының тоқтап қалуына байланысты наразылық білдіруде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы аудандық мал дәрігерлік бөлімінің басшысы Наурызбай Дәулетов мәлім етті.

- БАҚ-та тарап кеткен ақпараттан кейін соңғы үш күнде аулау жұмыстары тоқтатылған болатын. Дегенмен тұрғындар иттердің малдары мен тауықтарына, балаларына шабуыл жасағанын айтуда. Көктем кезінде бұралқы иттер қыстан әбден ашыққан күйде шығады және түрлі аурулар таратады. Осыдан алты жыл бұрын Қаныш Сәтбаев атындағы ауылда иттердің арасында құтырма ауруы тіркелген. Бүгінгі күнге дейін барлығы иесі жоқ 67 иттің көзі жойылды. Бұл мақсатта аудандық бюджеттен екі миллион теңге бөлінген. Жылдың соңына дейін 750 қаңғыбас ит пен мысық жойылады. Иттердің арасында тазылар болғаны туралы видеоны Қарағанды облысының тұрғыны сол жақтан түсірген болуы мүмкін. Нақты ештене айта алмаймын, - дейді Наурызбай Дәулетов.

Айта кетерлігі, маман ауданда сирек кездесетін асыл тұқымды иттердің жоқ екенін айтуда. Себебі олар ветеринарлық тексерістен өткен, құжаттандырылған және түрлі ауруларға қарсы егілген болуы тиіс. Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Баянауыл ауданында сирек кездесетін иттерді атып тастағаны туралы ақпарат тараған болатын. Сондай-ақ, материалда иттердің көшеде емес, қорада жатқаны түсірілген видео қолданылған.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: akimzyrian.gov.kz


Следите за новостями zakon.kz в: