Петропавлдықтар шұғыл хирургиялық көмексіз қалуы мүмкін. Яғни ота жасайтын бөлім дәрігерлері жаппай жұмыстан кетпек. Бұған №1 аурухананың бас дәрігерінің хирургия бөлімінің меңгерушісін жұмыстан шығарғаны себеп. Хирургтер өз басшысы қызметтен заңсыз қуылған деп есептейді. Өңірде онсыз да 150-ге жуық дәрігер жетіспейтіндігін ескерсек, ақ халаттылар наразылығының жағдайды одан бетер ушықтыратын түрі бар, деп жазады КТК телеарнасы.
Мына тұрғандар қаладағы №1 аурухананың хирургия бөлімінің дәрігерлері мен медбикелері. Бәрі де бөлім жетекшісі Асхат Ақсаринді қолдау үшін жиналыпты. Өйткені өткен аптада ғана басшылық оны «жұмыста ішімдік ішті» деп қызметінен босатқан. Бұны заңсыздыққа балаған хирург ішпегенін дәлелдеу үшін тіпті адвокат жалдауға мәжбүр.
Асхат Ақсарин, дәрігер:
-Мен ол күні кешкі алтыға дейін ота жасадым. Бұлар мені сағат бесте мас болды деп, хаттама толтырыпты. Сол күні наркология орталығына баруымды сұрады. Алайда екі отадан кейін қатты шаршаған мені көлік күтіп тұрғандықтан , одан бас тарттым. Осыны желеу етіп, мені дереу жұмыстан шығарды.
Бұл бөлім былтыр сәуірде ашылған-ды. Ондағы мақсат қалада шұғыл хиругиялық көмек көрсететін жалғыз ауруханаға түсетін ауыртпалықты азайту. Алайда, қазір керісінше, жедел ота жасалуы тиіс жандарды өзге мекемеге жіберуде. Себебі, мұнда ота жасайтын жалғыз тәжірибелі дәрігер Асхат Ақсарин ғана екен. Жетекші дәрігерді қолдаған 6 жас хируг те қазір жұмыстан кетуге бекінген. Әйтсе де, олардың бұл шешімі бас дәрігерді еш алаңдатпайтын сияқты.
Галина Маметова, Петропавл қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері:
-Егер бөлім дәрігерлері жаппай кетеміз деп арыз жазса, ол өздерінің құқығы. Кете берсін. Біз өзге медициналық мекемелерден дәрігерлер алдыртып, жоспарлы ота жасауды бастаймыз. Бұл мәселені денсаулық сақтау басқармасымен бірге шешетін боламыз.
Ақсаринді жұмыстан шығаруға оның наркологиялық тексеруден өтуге бармағаны себеп болыпты. Қазір бұл дауға облыстық денсаулық сақтау басқармасы араласқан. Дәрігерлердің жазған шағымын тексеруде.
Мәриям Бапанова, СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Шағымға байланысты арнайы комиссия құрылды. Оның мүшелері дауға қатысты жан- жақты тексеру жүргізеді деп ойлаймын. Істің ақ-қарасы анықталған соң, бір шешім қабылдаймыз. Әзірге аталған бөлім жұмысы тоқтап қалған жоқ. Науқастарға ем жасалып жатыр.
Қазір өңірде 150-дей дәрігердің жетіспейтіндігін ескерсек, бұл жағдайдың денсаулық сақтау саласына кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Өйткені даудан әдбен титықтаған бөлім хирургтерінің дені Елордадан жұмыс қарастырып жатса, енді бір бөлігінің өз бетінше ота жасауға тәжірибесі жетіспейді екен.
Фото: Abai.kz