Ақтөбеде сәбилер аурухана дәлізінде жатып ем алуда

Ауруханада болған жағдайды жасыруға тырысқан басшылық, науқастар санының көбеюін жұқпалы тұмау ауруларының өршу маусымымен байланыстырады.
Ақтөбеде қалалық балалар клиникалық ауруханасында сәбилер аурухана дәлізінде жатып ем алуда. Ауруханаға сыймаған науқас сәбилер мен олардың аналары палаталардағы жатын орындардың босағанын күтіп, дәліздегі дивандарға орындықтарды жалғап жатқандарын айтады. Ал аурухана басшылығы, балалар арасында жұқпалы тұмау ауруларының көбеюінен 110 орындық ауруханаға науқастарды шамадан тыс қабылдап жатқандарымен түсіндірді, деп жазады 31 арна.
Науқастарын дәлізге жатқызып қойған мына қалалық балалар клиникалық ауруханасындағы жағдай көпті шошытты. Ауруханаға ем іздеп келген ана мен сәбилерді арнайы палаталарда емес, керісінше аурухана дәлізінде тұрған дивандарға төсек салып жатқызған. Өйткені палаталардағы кереуеттер бос емес. Осы ауруханада кішкентай баласымен 10 күндей жатып шыққан Зәруе Әбірова бұл жағдайды растайтынын айтады. Өйткені өзі де ауруханаға түскен алғашқы күндері кішкентай баласымен бірге дәліздегі дивандарға орындық жалғап ұйықтағандарын айтады.
ЗӘУРЕ ӘБДІРОВА, Тұрғын:

- Орын болған жоқ. Бір күн коридорда жаттық. Сосын екінші күні палатаға ауыстырды. Коридорда жатқанда енді мына клиникада орын жоқ. Бірақ ауырып түсіп жатқандар көп.
Ал дәл осы ауруханада болған жағдайды жасыруға тырысқан басшылық, науқастар санының көбеюін жұқпалы тұмау ауруларының өршу маусымымен байланыстырады. Бірақ ауруханаға қабылдар алдында ата-анаға ескертіп, дәлізде жатуға рұқсатын аламыз дейді.
НАТАЛЬЯ ГОЛОВЫРИНА, Ақтөбе қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері:

- Такая ситуация была. Жағдайдың болғаны рас. Өйткені ауруханаға ауырып түсетін балалардың саны өте көп. Қазір жұқпалы тұмау ауруларының өршіп тұрған кезі. Сондықтан бізге жедел жәрдеммен келген балалардың барлығын да қабылдаймыз. Өйткені науқастар бір жасқа дейінгі сәбилер. Және бәрінің де аурулары тыныс, өкпе қабынуының асқынған түрлері болып отыр. Олар дәлізде палатадағы орын босағанша уақытша ғана жатты. Сосын ауыстырдық.
Бас дәрігердің айтуынша, қазір 110 орындық ауруханада 132 науқас бала және 102 ана жатыр. Ғимарат ескі әрі тар болғандықтан осындай жағдайға тап болдық дейді аурухана басшылығы.

Фото: bezformata.ru
Следите за новостями zakon.kz в: