Елімізде бұдан былай көктемгі аңшылыққа рұқсат жоқ! Тыйым негізінен құстарға қатысты. Өйткені, соңғы уақытта тура балапан басатын кезде қанаттыларды қынадай қыратын браконьерлер саны еселеп артыпты. Табиғат қаскөйлері әсіресе үйрек-қазды қоятын емес, деп жазады КТК телеарнасы.
-Историяда қалатын болдыңдар. Бүгін рекорд болды. Мынаны қара 140 үйрек, оның 90-ын мына жігіт атты. Не деген бәле екенін қайдан білсін.
Үйрек-қазды осылай жүздеп атып жүргендер қазір тіпті жасырынбайтын да болған. Саятшылықты таспаға түсіріп, әлеуметтік желіге мақтанышпен таратып жүр. Олар ұсталған күнде де, болмашы айыппұл төлеп құтылады. Ал осындай без-берекет аңшылықтың кесірінен елімізде құстардың саны едәуір азайыпты. Қанаттылардың популяциясын бақылап жүрген Зоология институты мамандарының дабылынан кейін, көктемгі аңшылыққа биылдан бастап тыйым салынып отыр.
Леонид Сидоренко, Алматы аймақтық инспекциясы және аң шаруашылығы бөлiмінің басшысы:
- Бұйрық республика аумағына толық таралады. Соған байланысты суда мекен ететін жабайы құстарды атуға тыйым салынады. Яғни биыл көктемгі аңшылық болмайды. Көктемгі лимит күзгі мерзімге ауысады, аңшылар 5 пайыздық лимитті сол кезде пайдалана алады.
Фото: Baq.kz