Батыс Қазақстан облысында биылғы екі ай және 15 күн ішінде 46 есірткі қылмысы тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ҚР ҚК 297-бабы 1, 2, 3-бөлімдеріне сәйкес (есірткі заттарын сату) 37 қылмыстық іс қозғалды. Екі есіткі ұясы әшкереленіп, Қазақстан шекарасы арқылы Ресей аумағына контрабандалық жолмен есірткі затын тасымалдамақшы болғандардың 5 әрекетінің жолы кесілді.
Жыл басынан бері 2157,80 грамм есірткі заттары тәркіленсе, соның 2157,45 грамы марихуана, 0,2573 грамы экстракциялық апиын болып отыр. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметкерлері көлік құралдарын есірткіге елтіген күйінде айдаған 24 жүргізушіні ұстады. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 1984 жылғы А. деген азаматтың өз үйінде есірткі құралдарын дайындап, қолданғаны белгілі болды.
Тінту кезінде 5 пластикалық бөтелке және ішінде сұйық заты бар бір рет қолданылатын 4 шприц тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес оның экстракциялық апиын екендігі анықталды. Езілген апиынның салмағы 704 миллилитрді, құрғақ есірткі заты 8,06 грамды құрады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 302-бабы 1-бөліміне және 296-бабы 4-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, ұсталған тұрғын қамауға алынды. Сол секілді департаменттің есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері «Допинг» жедел алдын алу шарасы кезінде «Серік» деген азаматқа экстракциялық апиын сатқан 1973 жылғы тұрғынды қолға түсірді. Оның да мекенжайынан 3 пластикалық флакон мен ішінде сұйық заты бар бір рет қолданылатын екі шприц табылды.
Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді. Күдікті Орал қалалық ішкі істер басқармасы уақытша оқшаулау изоляторына қамалып, бұл қылмыстық іс бойынша да тергеу амалдары жүргізілуде.
Фото: inform.kz