Шымкент қаласында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз - думан» апталығы аясындағы ұлттық өнер күні облыстық Бейнелеу өнері музейінде наурыз мерекесіне арналған жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі өнер сүйер қауым мен қала тұрғындарына ұсынылды. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінгі шараның мақсаты өнер музейінің құнды жәдігерлері мен қолөнер шеберлерінің жасаған ұлттық құндылықты, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды, ұлттық өнерімізді дәріптейтін шығармаларымен танысу, сондай-ақ ұлттық ойындарымызды қайта жаңғырту болып табылады.
Көрмеде Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ гобелен өнерінің кәсіптік негізін қалаған қолөнер шебері Батырбек Өтептің қазақ даласын, салт-дәстүрін, тұрмысын, жарасымды өмірін бейнелеген жұмыстары қойылды.
ҚР мәдениет қайраткері Құттыбек Жақыповтың жаңа бедерлі технологияда орындалған гобелендері, ағаш ою шебері Яқия Әуелбековтың жұмыстары ою-өрнекпен әрленіп, қазақи нақышты баяндады.
Қазақстан қолөнер шеберлері одағының ОҚО филиалының төрағасы, ҚР суретшілер одағы мүшесі Бейсбеков Болатбек Бектасұлының отбасылық қолөнер бұйымдары т.б. көптеген қолөнер шеберлерінің шығармалары көрме залында көрерменнің көзайымына айналып, халық назарын ерекше ұлттық әсер қалдырды. Көрме барысында дәстүрлі әндер шырқалып, ұлттық ойындар ойналды.
Бейнелеу өнері музейінде өткен аталған іс-шараға мәдениет саласының қызметкерлері, суретшілер қауымы, оқу орындарының ұстаздары мен студенттері, мектеп оқушылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Фото: ontustik.gov.kz