Павлодар облысына келген Жапонияның зерттеуші ғалымы, Phd доктор Токо Фудзимото Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұраларын зерттеуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, Киото университетінің профессоры Токо Фудзимотоның зерттеулері этнография саласына бағытталған. Ол көптеген жылдар бойы Қазақстандағы қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, әсіресе, Ертістің Павлодар өңірінің этнографиясын зерттеумен айналысып келеді. Мейманның сапары университеттің кешенді экскурсиясынан басталды. Токо Фудзимото археологиялық мұражай қорындағы сирек кездесетін экспонаттармен және Ә. Марғұлан атындағы ғылыми орталықтың көп жылғы зерттеу материалдарымен танысқан. Бұдан әрі Мәшһүр Жүсіп атындағы кабинет-мұражайында болып, белгілі жерлесіміздің рухани-тарихи мұралары мен еңбектеріне қанық болды.
- Жапония елінен келген мейманмен жоғары оқу орны 2009 жылдан бері достық байланыс орнатқан. Сол кездері Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерін зерттеу енді ғана қолға алынған болатын. Кейін ол жұмыстар «Мәшһүр Жүсіп оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жарияланған. Бұл жолы Токо Фудзимото Павлодар облысының этнографиясын және энциклопедист ғалымның мұраларын тереңірек зерттеуді мақсат етіп келді, – дейді профессор Лаура Жүсіпова.
Фото: Рavlodarnews.kz