Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданында болып, бірқатар нысандарды аралады. Алдымен, аймақ басшысы Сарыағаш қаласындағы 36 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, пәтер кілттерін тапсырды. Сондай-ақ шара барысында облыс басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Денисенконың үйіне кіріп, қуанышымен бөлісті. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
«Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтамыз, құрметтейміз. Сіздер тарихтың алтын қазынасысыздар. Наурыз мерекесі қарсаңында барлықтарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, отбасыларыңызға амандық пен жақсылық тілеймін. Жаңа баспаналарыңыз жайлы болып, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын»,-деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өз кезегінде қарт жауынгер Елбасы тарапынан жасалып жатқан жан-жақты қолдау жұмыстарына өз ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
«Елбасы тапсырмасына сәйкес бізге деген құрмет пен жақсылықтарың үшін шын жүрегімнен осында отырған барлық тұрғындардың атынан рахмет айтамын. Бүгінгі ұрпақ бақытты кезеңде өмір сүріп жатыр. Осы бейбіт кезең әрдайым ұзағынан болсын!»- деді Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Денисенко.
Айта кетейік 2015 жылдың шілде айында құрылысы басталған көп қабатты тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 250 млн. теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын «Оңтүстік құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізген.
Жалпы Сарыағаш ауданы бойынша тұрғын үйге өз санаттарына қарай 2170 адам кезекте тұр. Қазіргі таңға аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 10,0 га жерге 5 қабатты 45 пәтерлі 13 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге мемлекеттік сатып алу байқауы жарияланған.
Мұнан соң аймақ басшысы Ақтөбе ауылдық округінің Ақжар елді мекенінде табиғи газ желісіне қосу салтанатына қатысты.
Сарыағаш ауданы Ақтөбе ауылдық округіндегі газ өткізгіштің құрылысы аяқталғалы 9428 тұрғыны бар 8 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілген. Осылайша 1327 отбасы көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алды.
Табиғи газ өткізгіштің құрылыс-монтаж жұмыстарына облыстық бюджеттен 991 млн. 372 мың теңге жұмсалды. Құрылыс жұмыстарын«CK MEGARON» ЖШС жүргізген.
Жалпы аудан бойынша 154 елді мекеннің 74-і табиғи газбен қамтылып отыр.
Фото: ontustik.gov.kz