Алматы облысы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде Ұлыстың ұлы күніне орай өткен қошқар көтеру жарысында 20 жастағы жігіт жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Stan.kz.
Ұлыстың ұлы күніне орай еліміздің әр аймағында ұлттық ойындар, түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Соның ішінде қошқар көтеру, қазақша күрес, қол күрестіру, арқан тартыс, қатын күрес сынды жарыстар өткізілді. Балуандар күштілігінен бөлек ептілігімен де сынға түсті.
Алматы облысының Сарыозек кентінде өткен қошқар көтеру жарысында халық арасынан 9 ер адам шығып, өз еркімен ойынға қатысты. Олардың ішінде небәрі 20 жастағы жігіт Мүсірәлі Алмаз Мырзалыұлы салмағы 40 келі болатын қошқарды 230 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.
Жергілікті тұрғындар арасында биші, пародияшы ретінде танылған жігіт енді қошқар көтеруден жеңімпаз атанып, елді таңғалдырды. Ол өзінен жасы да, салмағы да үлкен өзге ер адамдардан озық шықты. Алғашқы үштікке ілінген жігіттің бірі қошқарды 220 рет, екіншісі 205 рет көтерді. Жарыс уақыты 15 минутты құрады. Жеңімпазға қошқар сыйға берілді.
“Жарысқа алғаш рет қатыстым. Алғаш рет қошқар көтеріп тұрмын. Алдағы уақытта дайындалып, бұдан жақсы нәтиже көрсетем деп ойлаймын”, – дейді жеңімпаз Алмаз.
Алмас Мүсірәлі тойларда өнер көрсетеді. Ол әр ұлттың биін билеп, пародия салып ел қошеметіне бөленіп жүрген азамат.
Фото: stan.kz