Оңтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындарының малы мен көліктерінің қосалқы бөлшектерін ұрлап келген. Ордабасы аудандық ІІБ-ға соңғы үш айда осындай арызбен бірнеше тұрғын шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
Осы жылдың ақпан айында Ақбұлақ ауылы тұрғынының үйінен белгісіз біреулер «КамАЗ» көлігінің 100 мың теңге тұратын төрт аккумуляторын жымқырып кеткен. Полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, 23 жастағы күдіктілердің бірін қолға түсірді.
Тергеу барысында оның екі сыбайласымен бірлесіп, аудан аумағында бөтеннің мүлкін ұрлап жүргені анықталған. Қазіргі таңда бұл топтың жалпы саны 9 ұрлық дерегіне қатысы бары дәлелденіп отыр. Сезіктінің сөзінше, топ мүшелері аккумуляторлармен қатар тұрғындардың малдары мен тұрмыстық техникаларын да жымқырып келіпті.
Мәселен, ақпанның 5-інен 6-сына қараған түні Ынтымақ ауылы тұрғынының үйіне жасырын кіріп, ауласындағы үш бас қойын ұрлаған. Сөйтіп, жәбірленушіге 70 мың теңгеге жуық шығын келтірген. Ал, ұрланған малдар мен заттарды сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Олардың осы күнге дейін жәбірленушілерге келтірген шығын көлемі 800 мыңнан астам теңгені құрады. Полицейлер бүгінде қылмыстық топтың қалған мүшелерін іздестіруде. Аталған деректер бойынша, ҚР ҚК-нің 188-бабымен («Ұрлық») қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Фото: inform.kz