Павлодарда үйіне көк ала қойдай оралған бүлдіршін балабақшаға барудан бас тартуда

Баласының денесіндегі көгерген іздерді аңғарған Гүлзира Альпаттина бұдан соң полицияға арызданып, арнайы сараптама жасатқан.
Павлодарда көк ала қойдай болып үйіне оралған бүлдіршін енді № 16 балабақшаға барудан бас тартып отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бүлдіршіннің анасы 42 жастағы Гүлзира Альпаттина қаңтар айының соңында болған оқиғадан енді ғана есін жиғанын айтады. Дегенмен балабақшадағы жанжалдан ұлы Мирас пен қызы Әйгерім шошып қалған.

- Қызым бесте, ұлым төрт жаста. Сондықтан екеуі бір топқа барады. 24-қаңтар күні ұлым топта текше пішінді ойыншықпен ойнап жүріп, оны абайсызда Айсұлтан деген баланың басына тигізіп алған. Нәтижесінде баланың басы кішкене қызарып қалғанд соң, тәрбиеші анасына хабарлаған. Айсұлтанның анасы бірден балабақшаға жетіп, баламды сабаған. Оған ұлымның денесіндегі мына іздер дәлел. Сондай-ақ, мұны сол кезде топта болған қызым да растап отыр, - дейді Гүлзира Альпаттина.

Баласының денесіндегі көгерген іздерді аңғарған Гүлзира Альпаттина бұдан соң полицияға арызданып, арнайы сараптама жасатқан. Нәтижесінде ҚР ҚК-нің 108-бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру» бойынша іс қозғалған.

- Баламның басына ағаштан жасалған текше ойыншықты лақтырған. Мен келгенде балабақшадағы медбикеден шыққан екен. Маңдайы қатты соғылыпты. Балам жылап отырды. Оған ойыншық лақтырған ер бала топқа жаңадан ауысқанын естіп білдім. Тәрбиешіге ескерту жасағаным болмаса, ешкімге де тиіскенім жоқ, - дейді Жанна Баймульдинова.

Оның сөзін топта болған тәрбиеші Меруерт Төлеубекова да растап отыр.

- Мирас пен Әйгерім бір үйдің балалары, бірақ екі түрлі. Мирас жүгіріп секіріп ойнағанды ұнатады. Топта екі күн ғана болса да, біраз әбігерге салды. Есікті теуіп, аяғын соғып алды. Бірақ ойыншықты қасақана лақтырған жоқ. Десе де, Айсұлтанның басына тиіп кетті. Ешкім-ешкімді ұрған жоқ. Ата-аналарға бәрін түсіндірген едік. Алайда оқиғаның арты ұрысқа айналып, мәселе ушығып кетті, - дейді тәрбиеші.

№ 16 балабақшаның директоры Анар Төлебекова бұл оқиға екі апталық оқуға кеткен кезінде орын алғанын айтады. Бұған дейін бір үйдің ұл-қызы «Ересек Б» тобынан «Ересек А» тобына ауыстырылған. Айта кетерлігі, баласының сабалғанына ашулы ата-ана істі соңына дейін жеткізбей қоймайтынын айтып, моральдық шығын өндіріп алуға бекініп отыр. Бұл іске қатысты сот отырысы наурыз айының 31-і күні № 2 қалалық сотында өтеді деп күтілуде. Ал, басына ойыншық тиіп кеткен Айсұлтан есімді балғын балабақшаға барып жүр.

Айгерім Жанкашова

Суреттерді ұсынған - Гүлзира Альпаттина
Следите за новостями zakon.kz в: