Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында «Шатқал» бағдарламасы аясында 10 мың түп жеміс ағаштарын отырғызу жұмыстары басталды. Жеміс ағаштары Төлеби ауданы, Абай ауылындағы 150 отбасыға тегін таратылды. Бұл іске аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Әсет Қайыпбеков мұрындық болды. Сондай-ақ аталған ауылда облыс әкімінің «Шатқал» бағдарламасы аясында аумағы 1 шақырымды құрайтын сайға арық тартылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы, Кемеқалған ауыл округінде 5 мыңға тарта тұрғын бар. Негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Табиғаты әсем округтің климаты жеміс ағаштарын отырғызуға өте қолайлы. Сондықтан округ тұрғындарына 10 мың түп жеміс ағаштарының көшеттерін демеуші өз қаржысына сатып алып, сыйға тартты.
«Бүгінгі жасалынып отырған шара – Төлеби ауданының даму концепциясында көрсетілген тармақтың бірі. Біз алдағы уақытта демеушілер тарту арқылы ауданымыздағы 14 ауыл округіне қарасты 150-ге жуық елдімекенді көгалдандыру ісімен айналыспақшымыз. Әр отбасы ауласындағы ескірген тал-дарақтарды алып тастап, орнына жаңа жеміс көшеттерін отырғызуы тиіс. Бүгінгі жеміс көшеттері алдағы бір-екі жылда өз жемісін беретін болады», - деді Төлеби ауданының әкімі Бұқарбай Парманов.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігі мал шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтардың несие алуына көмек беру ісін қолға алыпты. Нәтижесінде Абай ауылының тұрғыны Дәрібай Тасболатов 6 пайызбен 3 млн. теңге кредитке қол жеткізіп, 15 жылқы сатып алған. Айына небәрі 17 мың теңге несие төлейді. 3 баланың әкесі бұған дейін жұмыссыз жүріпті. Алдағы жоспары – мал басын көбейтіп, ауылдан кооператив құру.
Аудан әкімдігі тегін үлестірілген көшеттің 300 данасын Дәрібайдың ауласына да асарлатып отырғызып берді.
«Аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкер Әсет Қайыпбеков інімізге алғысымыз шексіз. Аудан басшылығы жеке жобамызға қолдау білдіріп, несие алуымызға қол ұшын берсе, бүгін міне, ауламызға 300 дана жеміс ағаштарын отырғызып жатыр. Енді осы жеміс ағаштарының дұрыс өсіп жетілуіне жауапты болып, жемісін алуға тырысамыз» , - деді Дәрібай Тасболатов.
Айта кетейік, Абай ауылындағы шара барысында үш жақты меморандум түзілді. Ондағы мақсат – жеміс көшеттерінің тиісті деңгейде суарылып, дұрыс өсіп жетілуіне үшжақты жауапкершілікті нығайту. Яғни көшеттердің жеміс бергенге дейінгі өсіп, жетілуіне ауыл окурігінің әкімдігі, жергілікті кәсіпкер, көшетті ауласына еккен тұрғын жауапты болмақ.
Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі