Оңтүстік Қазақстан облысындағы базарларда қалта ұрлығымен айналысып жүрген қылмыстық топ ұсталды. 5 қыз-келіншектен құралған топ мүшелері сауда орындарында ақша, бағалы заттар мен ұялы телефондарды қолды етіп келіпті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
Айта кетейік, оңай жолмен олжалы болып жүрген күдіктілерді өңірдің тәртіп сақшылары жедел алдын алу шарасы барысында қолға түсірген. Ұсталған бесеудің бәрі жұмыссыз, Шымкент қаласы мен Созақ ауданының тұрғындары болып шықты. 23 пен 46 жас аралығындағы күдіктілер негізінен ұрлық қылмыстарын халық көп шоғырланған жерлерде жасап жүріпті.
Бірі тауар көріп, сатушының көңілін ауласа, өзгелері ақша мен өзге де бағалы бұйымдарды жымқырып жүрген. Мәселен, өткен жылдың шілде айында базарда сауда жасайтын сатушы полицияға арызданып, бір топ әйелдің тонап кеткенін айтқан. Киім аламыз деп келгендер ақша мен бағалы заттар салынған сөмкесін ұрлап кетіпті.
Артынша осыған ұқсас ондаған саудагер мен өзге де тұрғындардан арыз түскен. Нақты шараларға көшкен полицейлер тәжірибелі мамандардан арнайы топ құрып, ұрлық жасап жүрген нәзік жандарды ұстады. Қазіргі таңда бұл топтың 50 шақты ұрлық қылмыстарын жасағаны анықталып отыр. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 6 млн теңгені құраған.
Айғақты зат ретінде олардан ұрланған бұйымдар алынып, бірқатары иелеріне қайтарылды. Сондай-ақ осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188 бабы «Тонау» бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Фото: www.inform.kz