Оңтүстік Қазақстан облысында жоғалған үш балықшы іздестірілуде. Созақ ауданының тұрғындары 1 сәуір күні балық аулауға шығып кеткен екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне балықшылардың жоғалғаны туралы хабар кеше түсіпті. Қазір құтқару қызметінің өкілдері Созақ ауданына барып, Шу өзеніне кеткен балықшыларды іздестіріп жатыр.
«Кеше сағат 13:05-те бізге осындай хабар келіп түсті. Созақ ауданының 1979, 1980 және 1986 жылы туған тұрғындары Шу өзеніне кетіп, қайтып оралмаған. Қазіргі таңда оларды құтқару қызметінің арнайы жасағы мен аудандық әкімдік қызметкерлері бірлесіп іздестіруде. Бұл шараларға үш арнайы техника бөлінді»,-дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Зарипа Тұрысбекова.
Айта кетейік, Теріскей Алатауы мен Қырғыз Алатауынан бастау алатын Шу өзенінің соңы осы Созақ ауданына тіреліп, жерге сіңіп кетеді. Әдетте көктемгі кезде су теріскей жеріне дейін келеді. Су деңгейі азайғанда Жамбыл облысының аумағында аяқталады.
Фото: www.inform.kz