Соңғы 5 жылда 19 мың адам алтын ұрлап ұсталған. Ұрланған алтынды өңдейтін 75 цех әшкерленіп, осы уақыт ішінде 500 тонна шикізат тәркіленген, деп жазады Хабар телеарнасы.
Байып кетем деп, майып болып жатқандар да бар. Кеніштерге заңсыз кіру адам өміріне қауіпті болса да, мұндай оқиғалар азаяр емес. 2015 жылы 6 адам қаза тапқан. Бүгін мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова Үкімет басшысына сауал жолдап, заңсыз кәсіпке тұсау салуды сұрады.
Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Алтынды заңсыз жолмен өндіру бойынша, тек Степногор өңірінде 2014-2015 жылдары 9 млрд теңгенің өнімі алынбай қалды. Ал бюджетке 2 млрд теңгенің салығы түспеген. Өз өмірін қатерге тігіп, жер астына кіріп жатқандардың бәрі аман шығып жатқан жоқ. Осы айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкіметтен құнды металдардың айналымын реттеуді, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтудың баламалы жолдарын ұсынуды сұрайды.
Фото: www.khabar.kz