Жолдың қарсы жолағына шығып кеткендерді жүргізуші куәлігінен айыру жазасы енгізіледі

Заңда мотоциклмен жүріп келе жатқанда жүргізушіде, жолаушыда мотошлемді киюін міндеттеу туралы талап енгізіледі
Қазақстанда жолдың қарама-қарсы жолағына шығып кеткені үшін жүргізуші куәлігінен айыру жазасы енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Қанат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз заңнамада тыйым салынған жолдың қарама-қарсы жолағына шығу туралы норманы күшейтейік деп шештік. Бұл ретте қарама-қарсы жолаққа шығып бұрылыс жасау да жүргізуші куәлігінен айыруға алып келеді», - деді ол.

Сонымен қатар Қанат Мусин мотошлем кию мәселесіне де тоқталып өтті.

«Заңда мотоциклмен жүріп келе жатқанда жүргізушіде, жолаушыда мотошлемді киюін міндеттеу туралы талап енгізіледі», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін аталған норма жол қозғалысы ережесінде ғана болған. Ендігі уақытта ол заңға енгізіледі. Жалпы, депутаттар аталған заңға енгізілуі тиісті 120-дан астам түзетуді қарастырған. Нәтижесінде оның 55-і қалып отыр. Заңда жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды азайту, құжаттарды тексеру барысында көлік жүргізушіге фото және бейнетүсірілім жасауға рұқсат беру, күндізгі уақытта елді мекендер ішінде жүрген кезде көліктің жақын жарығын қосу міндетін алып тастау, ішкі істер органдарының қызметкерлері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жолаушылардың көліктен шығуға тыйымды алып тастау, жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жағдайда қайта емтихан тапсыру талабын алып тастау көзделген.

«Ұсынылып отырған өзгертулер мен толықтырулар қоғам үшін маңызды әрі дұрыс қабылданады деп үміт артамыз», - деді Мусин.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен жағдайда қайта емтихан тапсыру жойылатындығын хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ елімізде көліктің әдемі мемлекеттік нөмірлер тізімі кеңейтілмек. Номерлерге сандық және әріптестік жаңа тіркестер қосылады.

Фото: www.inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: