Ташкентте қазақстандық жас шахматшылар Азия чемпионы атанды

Сайыстар дәстүрлі классикалық, рапид және блиц үлгісінде өткен.
Қазақстандық шахматшылар Әсел Серікбай мен Меруерт Камалиденова Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы шахматтан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Шахмат федерациясына сілтеме жасай отырып.

«Қызылордалық Әсел Серікбай мен астаналық Меруерт Камалиденова классикалық үлгідегі 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өткен Азия Чемпионатында алтын медаль иегері атанды. Сайыстар дәстүрлі классикалық, рапид және блиц үлгісінде өткен. Ал Әселдің жерлесі Назерке Нұрғали 14 жасқа дейінгілер арасындағы бәсекеде алғашқылар қатарынан көрініп, қола медальға қол жеткізді. Айта кетейік, Әсел Серікбай рапид және блиц түріндегі шахмат сайысында да озып шықты. Осылайша, ол Азиядағы өз жасы бойынша категорияда ең үздік шахматшы атанып, үш мүмкіндікті де мүлт жүбермей, үш алтын әкелді. Ал Мерует Камалиденова блиц түріндегі сайыстан қола жеңіп алып, (WFM) ФИДЕ шарты бойынша қыздар арасындағы шебер талабын орындады», - деді ҚР ШФ баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Роман Райфельд.

Енді Әсел мен Меруерт биылғы жылдың екінші жарты жылдығында Бразилия мен Уругвайда өтетін Әлем чемпионатына қатысады.

Фото: inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: