ОҚО-дан «ЭКСПО–2017» көрмесіне 10 тонна балмұздақ жіберіледі

Ауқымды iс-шараға түрлi өңiрлердiң кәсiпкерлерi де әзiрленiп жатыр.
Астана қаласында өтетін «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесiне келушілер үшін Оңтүстік Қазақстан облысы 10 тонна балмұздақ жібермек. Бұл туралы «Оңтүстік Қазақстан» гезеті жазады.

Бұл ауқымды iс-шараға түрлi өңiрлердiң кәсiпкерлерi де әзiрленiп жатыр. Шетелдiк қонақтар мен отандастарымыз Елорда төрiнде тек ғылыми жетiстiктердi көрiп қана қоймай, қазақстандық өндiрушiлердiң азық-түлiк өнiмдерiн де тұтынады. Сол компаниялардың арасында облысымыздағы балмұздақ шығаратын екi кәсiпорын бар.



Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлiметiне сүйенсек, көрмеге орай Астанаға «Балмұздақ» және «Азия холод» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерi мамыр айында 5 тоннадан, жалпы, 10 тоннадай балмұздақ жiбередi. Сұранысқа байланысты жоспар өзгерiп, балмұздақ көлемi артуы да, кемуi де мүмкiн. Таяуда қос компанияға басқармадан ресми хат жолданып, жоспар жасалды. Ең бастысы, отандық тауар өндiрушiлердiң «ЭКСПО–2017» көрмесiне көптеп шақырылуы бiздiң кәсiпкерлер үшiн өте тиiмдi.



Көрменi ұйымдастырушылардың таңдауы бұл компанияларға бекер түсiп отырған жоқ. Төлеби ауданында орналасқан «Балмұздақ» ЖШС-нiң өнiмдерi сапасы мен тiл үйiрер дәмi арқылы талайларды тамсандырып үлгерген. 1987 жылы ашылған «Балмұздақ» ЖШС тәуелсiздiк алғаннан кейiн қанатын кеңге жайып, өнiм көлемi арта түстi. Елiмiздiң бiрнеше облысының нарығын жаулаған төлебилiктер көршiлес Қырғызстанға да балмұздақ жiберген. «Азия холод» ЖШС де бүгiнде өз өнiмдерiмен жұртшылыққа ұнап жүр. Шымкенттiң балмұздағына сұраныс жоғары.
Следите за новостями zakon.kz в: