Қарағанды облысында рейстік автобусқа шабуылдаған қаскөй 9 жылдан кейін ұсталды

Жолаушылардың 5 млн теңгеден астам мүлкі ұрланған.
Қарағанды облысында 9 жыл бұрын тас жолда рейстік автобусқа қарулы қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.

ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров хабарлағандай, 31 жастағы күдікті 9 жыл іздеуде болған. Оны Осакаров ауданы ішкі істер органдары криминалдық полиция қызметкерлері ұстады.

«Құқық тәртібі» жедел алдын алу шарасын жүргізу барысында қызметкерлер 31 жастағы Астана тұрғынын ұстады, ол 2008 жылы 8 қарашада Алматы -Екатеринбург жолында қару қолданып, Астана-Сарығаш бағыты бойынша келе жатқан рейстік автобустың жолаушыларына қарақшылық шабуыл жасаған. Жолаушылардың 5 млн теңгеден астам мүлкі ұрланған еді», - деп хабарлады Б. Құдияров.

ІІД баспасөз қызметінің басшысы ұсталған адам айғақты дәлел бергенін атап өтті.

«Күдікті УҰИ-ға қамалды. Тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Б. Құдияров.

Фото: inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: