Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданына қарасты бірнеше ауыл дәл осы Ертіс жағасында орналасқан. Әзірге тәуліктік кезекшілік пен сақтық шараларының арқасында Бірлік, Жетіжар ауылдары су тасқынынан аман. Ал Кривинка ауылы үшін қауіп сейілген жоқ. Өйткені мұнда өзен ирек жолмен ағады, деп жазады Хабар 24 арнасы.
Сондықтан мұз жару жұмыстары қолға алынды. 500-ге жуық тұрғыны бар Ертістің жағалауындағы Кривинка ауылында тасқынның алдын алу шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұнда өткелдер жөндеуден өткізіліп, қаптарға құм толтырылған. «Құдай бетін ары қылсын, дегенмен сақтықта қорлық жоқ», – деп есептейді тұрғындар. Ғасыр куәсі, соғыс және еңбек ардагері Қизат ақсақал қара сирақ бала кезден бері бірнеше су тасқынының куәсі болыпты. «Жазғытұры Ертістегі судың көтерілуі – қалыпты құбылыс, бұл молшылықтың белгісі, жер көк, мал тоқ болады, тек абдырамай сақтық шараларын орындау керек», – дейді көнекөз қария.
Қизат Мұқанғалиев, Кривинка ауылының тұрғыны:
- Бұрын 28-жылдары су тасып өтіпті. Ақырғы тасығаны 78-жылы, қайықпен жүрдік көшеде. Ол кезде мынандай трасса жоқ. Су тасығанда төбеге отырдық, үйдің төбесіне, қораның төбесіне. Мал шулап, қабаққа шығарылады.
Мал-жанның амандығы үшін ауылдағы 130 үйдің барлығына ескерту парақшалары таратылған. Мектепте мобильдік электростанса, 30 төсек жабдықталған. Төтенше жағдайлар басқармасы мен «Шығысжарылысөнеркәсіп» мекемесінен барлығы 16 маман 600 келіден астам жарылғыш затты қалыңдығы 60 сантиметрлік мұзға қойды.
Сұңғат Назаров, Жетіжар ауылдық округінің әкімі:
- Жетіжар мен Кривинка ауылының ортасында бізде мұз тұрып қалу қаупі бар. Кептеліп қалады, сол кезде су жағасына шығып, Кривинка ауылына қарай басып кету қаупі бар. Бұл 2015 жылы бізде ондай жағдай болған. Соның алдын алу мақсатында биыл біршама ертерек бұл жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
Аудандық бюджеттен төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жұмыстарына 10 миллион теңге қарастырылыпты.
Ербол Рахметуллин, Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
- Егер Кривинка ауылында жарық өшкен жағдайда, арнайы біз қосалқы дизель моторын апарып қойдық. Қандай жағдай болмаса да, қосымша жарық беріледі. Кривинка, Жетіжар ауылдық округіндегі мұзды өткізу мәселесі бойынша тәулікке арнайы кезекшілік қойылып, бақылауда ұстап отырмыз. Атқарушы органдардың күнделікті бақылауында.
Синоптиктер алдағы күндері өңірде жауын-шашын болатынын ескертіп отыр. «Ең бастысы, тасқынның алдын алуда тұрғындар мен атқарушы билік арасында өзара түсіністік орнаған», – дейді жергілікті билік өкілдері.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы
Фото: 24.kz