Павлодар облысы Ақсу қаласында КамАЗ көлігінің ішінде болған бала өртеніп кетті, деп хабарлайды Baq.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт кеше күндізгі сағат 15.00 шамасында болған.
«Сағат 15.03-те төтенше жағдайлар департаментінің қызметіне КамАЗ көлігінің кузовы өртенгені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды сегіз минуттың ішінде ауыздықтады. Тілсіз жау 6 шаршы метр аумақты шарпып үлгерді. Өкінішке қарай, қызыл жалын 4 жасар баланың өмірін жалмады», - дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің маманы Марал Сағынаева.
Өрт сөндірушілердің айтуынша, өрт кезінде көліктің жанында ұл баланың әкесі болған. Ер азамат есеңгіреп қалған. Оған тиісті медициналық көмек көрсетілді.
Айта кетейік, аталмыш дерек бойынша материал жергілікті ішкі істер департаментіне жолданды. Қазіргі уақытта мамандар тобы оқиғаның себептері мен келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр.
Ақмаржан Әділбек
Фото: Baq.kz