Көкшетау қаласын қақ жарып ағатын шағын ғана Қылшақты өзені тасыды. Судың арнасынан асуына биыл қардың көп түсуі себеп дейді мамандар. Қазір жағаға жақын орналасқан 40 шақты үйдің аулаларын су басып қалған, деп жазады Хабар 24 арнасы.
Өзеннің арнасынан асқаны сонша, кей жерлерде көпірлердің үстінен де су жүріп кеткен. Үйлер мен әлеуметтік нысандарға су кетпеу үшін 500 тоннаға жуық инертті материал төселді. Ал қала іргесіндегі Красный Яр кентіне апаратын жолдағы қозғалыс қалпына келтірілген. Таяуда бұл тас жолды су шайған болатын.
Дегенмен Шағалалы су қоймасынан жіберілген су әлі де ағып жатыр. Себебі ол да толып қалған. Айта кетейік, биыл Көкшетау қаласына су тасқынының алдын алу үшін 37 млн теңге қаржы бөлінген болатын.
Ермек Қарағаев, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:
- Қылшақты өзенін ең басынан тазартатын іс-шаралар қарастырылмаған. Оның бәрін енді болашақта қарастырады деп ойлаймыз. Өзендегі су төмендеген соң жазғытұрым оны өткіземіз деген ойларымыз бар. Осындай көп су күтпедік. Өткен жылдары қаламызға мұндай көп су келмеген.
Фото: 24.kz