ҚР Ауыл шаурашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылу себептері әлі де анықталмай отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Иә, пастереллез ауруы табылды. Ол - факт. Алайда пастерелездің нақты себептері болуы қажет. Біз соны біле алмай отырмыз. Киіктердің иммунитетін әлсіреткен не? Ол ауруға қарсы қорғанысы қалай бұзылды? Себебі пастереллездің бактериялары киіктердің ағзасында онсыз да болады. Бірақ сол бактериялардың ұшығып кетуінің бір себептері болуы керек қой. Біз Англия мен Германияның мамандарын шақырдық. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін нақты жауап жоқ. Ғалымдар да өзара дауласып, бір шешімге келе алмай отыр», - деді Нысанбаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, біреулер киіктердің қырылуын жаңбыр көп жауғаннан кейін кененің көбейіп кетуінен көрсе, енді біреулер жануарлардың ас қорыту жүйесіндегі ақаулардан болды деп санайды. Осы іспетті бірнеше болжамдар бар. Алайда нақты себепті ешкім анықтай алмады.
Айта кетейік, 2015 жылы Қостанай, Ақтөбе мен Ақмола облыстары аумағында киіктердің жаппай қырылуы болды. Сол кезде белгісіз аурудан 134 мың дала жануары мерт болды. 2014 жылдың басында олардың саны 256,7 мың бас болған. Вице-министрдің Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, киіктер жаппай қырылмағанда қазір олардың саны 300 мыңға жететін еді.
Фото: www.inform.kz