Ақтөбеде 13 сәуір күні далаға шығып, кейін үйіне оралмаған Біржан Ерсайынов бес күн бойы іздестірілді. Құтқарушылар баланың денесін бүгін таңертең өзеннен тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін 13 сәуір күні мектеп оқушысының жоғалып кеткенін хабарлаған болатынбыз. Біржан Ерсайынов ойынға шығып, кейін оралмаған.
Іздеу жұмыстарына ауыл адамдары мен мұғалімдер, еріктілер қатысты. Ал құтқарушылар өзен ағысының қаттылығы мен су лай деген себеппен сүңгуірлердің жұмысына кедергі келгенін жеткізді. Олар моторлы қайықпен іздеп, кейін өзеннің ауылға апарар жолын шолып шықты.
Ал бүгін таңертең баланың денесі Жіңішке өзеніндегі қамыс арасынан табылды.
«Баланың мүрдесі Жіңішке өзенінен табылды. Құтқарушылар мүрдені балалар ойнап, жоғалған жерден 800 метр қашықтықтан, қамыс арасынан алып шықты. Өзеннің деңгейі төмен түсіп, бала денесі су бетіне қалқып шыққан. Мүрдесі ішкі істер органдарына берілді»,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағы кезекші-диспетчерлік қызметінің жетекшісі Оксана Кичигина.
Фото: inform.kz