Оңтүстік Қазақстан облысының оқушылары 2016-2017 оқу жылында түрлі облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, өңір намысын қорғап келеді. Жыл басынан бері ұйымдастырылған түрлі сайыстарда шәкірттеріміздің 8-і І орын, 39-ы ІІ орын, 34-і ІІІ орынға ие болып, жалпы саны 81 жүлделі орынды қанжығасына байлады, хабарлайды Zakon.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, таяуда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық IХ Президенттік олимпиадасы өткені белгілі. Онда үш оқушымыз - Хайруллаева Нафиса (Кентау қаласындағы «Мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты») ІІ орын алса, Ералхан Ержан мен Тастан Нұрбектер («Ж.Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған мектеп-интернаты») ІІІ орынға ие болды.
Мұнан бөлек, биылғы оқу жылында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Ақтау қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадалары мен халықаралық ғылыми зерттеу сайыстарын ұйымдастырды. Республиканың барлық облыстарынан және республикалық білім ұйымдарынан 586 оқушы қатысқан сайыста Оңтүстік өңірінен 35 шәкірт бақ сынады. Нәтижесінде, үміткерлеріміздің 4-уі жүлделі ІІ орынды алса, 6-уы ІІІ орынға ие болды. Атап айтқанда, облыстағы №3 Кентау қазақ-түрік ер балалар лицейі, М.Қашғари атындағы мектеп, М.Горький ат. жалпы орта мектеп, №2 қазақ- түрік қыз балалар лицейі және М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 гимназия, Қазақстанның зияткерлік «Бәйтерек» мектебі, сонымен бірге, "Мамандандырылған "Дарын" мектеп-интернатының" мерейі үстем болды.
Осы жылы Павлодар облысында өткен республикалық олимпиадада да күнгейлік шәкірттердің бағы мен бабы қатар озды. 700 оқушының ішінде білімін сынға салған 40 оңтүстікқазақстандық үміткердің ішінен №1 қазақ-түрік ер балалар лицейінің шәкірті Тойбазар Даулет биология пәні бойынша І орын алып, жүлделілер көшті бастап берсе, информатика, математика, физика, география пәндері бойынша 7 оқушы ІІ орынға ие болды. Ал ІІІ орынға 8 оқушы лайықты деп танылды. Айта кету керек, олимпиадаға қатысушылардың біліміне Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Назарбаев Университетінің, Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен ғалым-ұстаздар қазылық етті.
Өңір оқушылары ғарышты бағындыру жұмыстарына да өз үлестерін қосуда. Жақында Байқоңыр қаласында өткен «Ғарыш әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жобасында Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы мен «Төржан» жеке гимназиясының төрт оқушысы ІІ және ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал «Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеу байқауларында үш оқушы І орын, бес оқушы ІІ орын, алты оқушы ІІІ орын алды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының IV кезеңі өтіп, нәтижесінде, 10 оқушы жүлделі ІІ (4 оқушы) және ІІІ (6 оқушы) орындарға ие болды.
2016-2017 оқу жылы барысында өзге ұлттардың 5-10 сынып оқушылары арасында қазақ тілі бойынша «Тіл-мемлекет тауелсіздігінің символы» XI Республикалық дистанциондық олпимиадасы да ұйымдастырылған-ды. Шара кезінде Кентау мен Түркістан қалаларының, Мақтаарал мен Сайрам аудандарындағы мектеп оқушылары жүзден жүйрік деп танылды (4-І орын, 16-ІІ орын, 6-ІІІ орын).
Тағы бір ерекше айта кететін жағдай, биылғы математикадан ХVІ халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасында №1 ҚТЛ-нің 11 сынып оқушысы Руслан Иманбердиев, оқушылардың зерттеу жұмыстарының О.Жолдасбеков атындағы Халықаралық конкурсында механика және математика бойынша Сарыағаш ауданы, Қ.Сатбаев атындағы №10 мектеп-интернатынан Байдәулет Бейсеновтер ІІ орын алып, күміс медальді иемденді.