Қарағанды облысының полицейлері қала сыртындағы күре жолда болған қарақшылық шабуылдың бетін ашты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.
«Шет ауданының ІІБ кезекші бөліміне Батық ауылынан 15 шақырым жерде Қарағанды-Жезқазған жолында үш белгісіз адамның жүк көлігіне қарақшылық шабуыл жасағаны жайлы ақпарат түсті. Олар жүргізушіні қарумен қорқытқан. Көлік фирмалардың бірінікі болып шықты», - деді ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Қылмыскерлер 400 мың теңгені қолды етіп, бой тасалаған. Аталмыш факті бойынша ІІО барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздеу шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілер жасырынған көлікті анықтады. «12 сағаттан соң Атасу кентінде «ВАЗ-2107» көлігі ұсталды. Оның ішінде 24 жастағы жүргізуші, 24 және 26 жастағы жолаушы болған. Жауап алу барысында олар қылмыстарын мойындады. Заттай дәлел - қару, ақша тәркіленді», - деді Б. Құдияров.
Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. ҚК 192-бабы 2-бөлігі бойынша соталды тергеу жүріп жатыр.
Фото: inform.kz