Жанжалдан көз ашпай келе жатқан Алматы хайуанаттар бағынан тағы да шу шықты. Бұл жолы жануарлардың тамағын дайындап, астын жинап, зообақтың тазалығына жауап беретін жұмысшылар жалақыны көтеруді талап етіп, бас көтерді. Алайда, бақ басшылығы мекеменің қарызға белшесінен батқанын алға тартып, жұмысшыларға жақын арада сыйақы беруге еш мүмкіндік жоқ деді. Бұл туралы 31 телеарна жазды.
Хайуанаттар бағының жұмысшы Шәкен Сайлаубаев аңдарға берілетін бұндай етті біз түсімізде көреміз дейді. Оның әріптестері де алатын айлығымыз бар болғаны 40-50 мың теңге, ол күнкөріске жетпейді деп наразы. Айтуларынша, бұрын үнемі сыйақы берілетін, ал жыл басынан бері оның өзі де жоқ.
КЕНЖЕБЕК БЕЙСЕУОВ, жұмысшы:
- Қыстай горелка сүйрейміз, жаздай сварка сүйрейміз, біз ат емеспіз ғой, ешек емеспіз ғой. Кішкене айлықты көтерсе болады ғой.
Жұмысшылар әкімшілік жұмысқа қажетті құрал-сайманның өзін дұрыс бермейді дейді. Адамдар әбден тозығы жеткен ғимаратта істеуге мәжбүр. Ал мынау жұмысшылардың жуынып-шайынуына арналған бөлменің түрі.
ЛӘЗЗАТ АХМЕТЖАН-ОМАН, тілші:
- Апельсин, банан, алма, йогурт, сүт мұның барлығы хайуанаттар бағында мекендейтін аңдарға арналған. Алайда бұл жерде жұмыс істейтін қарапайым жұмысшылар бала-шағасына дәруменге толы жеміс-жидек түгілі қарапайым сүт пен нанға ақша таба алмай отыр
Хайуанаттар бағының басшысының бұл қызметке келгеніне 4 ай болыпты. Зообақтың былтырғы жылдан қалған 80 миллион теңге берешегі бар. Оны төлемей жатып, жұмысшыларға сыйақы бере алмаймыз дейді. Сондай-ақ, жаңа басшылық хайуанаттарға барынша жағдай жасалып жатқанын алға тартты.
ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, Алматы қалалық хайуанаттар бағының директоры:
- Қазір хайуанаттардың жағдайы жақсы. Жануарлар семіз, бұрынғыдай бір кесек ет үшін таласпайды. Қазір көрсеңіз болады, қасқыр жанында жатқан етке қарағысы да келмейді.
Жұмысшыларын сабырға шақырған басшылық 3-4 айда қарыздан құтылып, сыйақы беруді қолға алуға уәде берді. Алайда оған дейін "балалармыз тас жей ме?" деген жұмысшылар бастықтың жауабына қанағаттанбай қалды.
Ләззат Ахметжан-Оман, Сергей Шуйский
Фото: 31 арна