Депутат Шу алқабындағы қарасораны пайдалануға қатысты ойын айтты

Халық қалаулысы аталмыш мәселені терең зерделеу қажет екендігін атап өтті.
Қазақстанда бірнеше жылдан бері қарасораны медициналық мақсатта пайдалануға қатысты халықтың пікірі екіге бөлінуде. Бірі – мұны ем ретінде пайдалану дұрыс десе, екіншісі – бұл өсімдік адамның организміне зиянын тигізеді деген қағиданады ұстанады. Ал депутат Бейбіт Майлыбаев Шу алқабындағы қарасораны дәрілік мақсатта пайдалануға асықпау керек деген ойда. Себебі, ғалымдар қарасораны медициналық тұрғыда толығымен зерттемеген. Халық қалаулысы бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

«Шу даласындағы жабайы қарасораны медициналық мақсатта пайдалануға қатысты біраз пікірлерді естідім. Ондай әңгімелер бар. Бірақ оны (қарасора медициналық мақсатта пайдалану жөнінде – автор) арнайы зерттеу керек. Клиникалық, клиниканың алдындағы, биотехнологиялық зерттеулерден өтпей, оны медициналық мақсатта пайдалану қиын», - деді ол.

Кейін халық қалаулысы аталмыш мәселені терең зерделеу қажет екендігін атап өтті.

«Шетелдегі мемлекетте былай жасалады екен деп айтуға болмайды. Жалпы айтсақ, ел арасында осы мәселеге қатысты алып-қашпа әңгімелер бар. Оны мойындауымыз керек. Алайда аталмыш мәселе терең зерттеуді талап етеді. Өйткені, ол адамның денсаулығына тікелей әсер етеді», - деп түйіндеді сөзін Бейбіт Майлыбаев.

Дәурен Ерболат

Фото: Baq.kz
Следите за новостями zakon.kz в: