Қарағандының су шайып өткен Садовое ауылындағы үйлер тұруға әлі жарамсыз. Бірақ ата-аналар, бір айдан бері мектептің спорт залында жатқан балаларын әлі кеппеген үйлеріне әкетуге мәжбүр. Өйткені "лай су баспаналарына лап қойғанда мектепке көшірілген балалардың басы жаппай биттеп жатыр". Ал паразиттерді арнайы дәрімен жоймақ болғандардың кесірінен, тіпті бір оқушы жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан, деп жазады 31 арна.
Басы айналып, бір күнде жеті рет құлағанын айтқан Нұрқанат Еркіннің жақындары мектептің медбикесі мен мұғалімдерін енді сотқа береміз деп бекініп отыр. Өйткені, сөздерінше, баланың басына түскен биттерді уландырмақ болған медбикенің кесірінен оқушы жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Ал басының терісі зақымданған 16 жастағы қыз иісі жанар-жағармайға ұқсас дәрінің ата-анасының рұқсатынсыз берілгенін айтады.
НҰРМАҚАН ЕРКІН, оқушы:
- Жаман, бензин сияқты иісі бар нәрсе жаққан. Білем ғой мен оны.
Су басқан ауылдарына қайтарылмай, мектепке баспаналары толықтай кепкенше орналастырылған 20-дан астам оқушыны осы оқиғадан кейін ата-аналары үйлеріне жаппай әкетеміз деп отыр. Өйткені сеніп тапсырған балаларымыздан ақыры айырылып қаламыз ба деп қорқады.
- Басын дәрімен сепкен. «Керосин» деп мынау өзі айтады. Содан Теміртауға реанимация ма еді, соған апарып жатқыздық.
ДӘМЕШ ШАЙПОЛДА, Садовое ауылының тұрғыны:
- Енді қалған 24 бала бар, ата-аналар бұндай жағдайға қалдырмай, балаларды алып кетемін, ертең мектепте не болып жатқанын біз білмейміз.
Бірақ мектеп қызметкерлері өздеріне шаң жуытар емес. Дәрігер «педикулез» дертіне шалдыққан балалардың басын ата-аналардың келісімімен арнайы дәрімен жуғанын айтады.
ЮЛИЯ РАЧКО, Гагарин ауылы мектебінің медбикесі:
- Бізде керосин деген атымен жоқ. Біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. Оқушы мен ата-аналар жала жауып отыр. Биттерге қарсы «Антибит» дәрісін жақтық.
МЕЙРАМГҮЛ САЛҚЫМБАЕВА, тілші:
- Ал мектеп директоры бір айдан бері Гагарин ауылындағы мектептің спорт залында жатқан Садовое елдімекенінің 24 оқушының толықтай тексерілгенін айтады. Әзірге Нұрқанат Еркінмен бірге педикулез дерті тағы екі баладан анықталыпты. Жұқпалы ауруға өзге оқушылары шалдықпасын деп, дәрігерлер олардың да басын арнайы дәрімен жуыған екен. Бірақ медбикенің биттерге қарсы қандай дәрінің қолданғанын сараптама анықтайтын болады.
Мейрамгүл Салқымбаева, Жасұлан Мақұлбеков
Фото: 31 арна