ОҚО-да Елбасы мақаласы аясында «Билерге тағзым» велошеруі өтті

Түске таяу велосипедшілер республикалық «Ұлттық тарихи-мәдени қорығындағы» мәреге жетті.
Таяуда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының бастамасы бойынша облыс әкімдігімен бірлесіп, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау мақсатында ұйымдастырған «Билерге тағзым» атты дәстүрлі велошеруі өтті.

Таңертең Шымкент қаласының «Ордабасы» алаңынан басталған іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр ашып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге, биылғы «БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» велошеруіне облыстық, аудандық соттардың судьялары мен облыс әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшылары және жергілікті мәслихат депутаттары мен жастар, барлығы 120-дан астам адам қатысып отырғанын айтты.



Облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов велошерудің басталу тарихына тоқталып, бүгінгі шара Мемлекет басшысының мақаласында айтылған рухани жаңғыруды іске асырудың нақты бір бағыты деп айтуға болатынын жеткізді.

Осыдан кейін жергілікті мәслихат депутаттары атынан Ө.Мелдеханов пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Е.Дауылбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәтті сапар тіледі.

Түске таяу велосипедшілер республикалық «Ұлттық тарихи-мәдени қорығындағы» мәреге жетті. Оларды Ордабасы ауданының басшылығы мен ауыл тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды.



Одан әрі Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументінде жиын өтіп, аудан әкімі Алмасбек Мамытбеков велошеруге қатысушыларға ұлттық қорыққа құрмет көрсеткендері үшін алғысын жеткізді.
Фото: Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі
Следите за новостями zakon.kz в: