Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар аудандарында шіркейлер қаптап кетті. Қанатты жәндіктер әсіресе Сырдария өзені мен су көздеріне жақын орналасқан Отырар, Арыс, Шардара, Ордабасы аудандарында қаптап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
Отырар ауданы тұрғындарын шіркей соңғы бірнеше жылдан бері әлекке салып келеді. Соңғы жылдары зиянкестер ерте көктемде ұшып келіп, қара күзге құжынап тұрып алады. Салдарынан мұндағы жұрт аулаға шығудан қалдық деп отыр.
«Шіркейге бастапқыда мән бермеп едік. Қазір бас ауыртар басты мәселеге айналды. Өйткені үйден шыға алмаймыз. Шіркей үстімізге, бетімізге қонып, шағып тастайды. Бетімізді тұмшаланып жүретін болдық. Сиыр саусақ талап тастайды. Бәрінен де балаларға обал болды. Не далаға шығып ойнай алмайды», - дейді Мыңшұқыр ауылының тұрғыны Айгүл Керімқұлова.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары торы бар баскиім киіп жүретін болған. Оның өзі қорғай алмайды дейді. Шаққан жері алдымен қышиды, кейін ісіп кетеді екен.
Салдарынан дәрігерге жүгінетіндер қатары көбейіпті. Ал, аудандағы жауапты мамандар болса Сырдария өзенінің жағасындағы 9 елді мекенге дәрі себу жұмыстарын жүргізгенін айтады. Бірақ одан нәтиже болмай отыр екен.
«Қазір біз облыстан шіркейлерді жоюды сұрап отырмыз. Өйткені олармен ғылыми тұрғыда күреспесе болмай кетті. Бұл мақсатта облыстан 7 млн. теңге бөлініп, зерттеу жүргізілмекші», - дейді Рыскелді Әліш.
Фото: inform.kz