Соңғы 5 жылда 160 қылмыстық іс тіркеліп, 7 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген. Қазір «Сағыз Петролиум Компани» ЖШС арызымен мұнай ұрлаған қылмыстық топ тергеліп жатыр. Бұл туралы облыс прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбеде мұнай ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды деген хабардан соң бірден Еркін Ізбасаровтың аты аталды. Бірінші топ мүгедегі бұрын «Ағайынды төртеу» деген лақап атпен белгілі болған еді. Ал бүгін облыстық прокуратура бірқатар уәкілетті, құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысынан соң әлі де «қара алтынды» тонау дерегі тыйылмағанын хабарлады.
Прокуратура зерттеу жұмысын қолға алып, оған құқық қорғаушыларды, мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері мен экологтарды, геологтарды қосқан.
«Есепке алуды автоматтандыру жүйесін іске қосу талап етіледі. Бірақ жекелеген компаниялар әлі де ескі әдеттерінен тыйылар емес. Шикізат ұңғымалардан орталықтандырылған коллекторға емес, бөлек тұрған бөшкелерге құйылады. Содан соң, өндірілген мұнай көлемі сызғышпен өлшенеді. Бұл мұнайдың бір бөлігін жасырып сатуға мүмкіндік беріп отыр. Нақты мысал. Қазір Ведомствоаралық тергеу тобымен «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-нің арызы бойынша қылмыстСаық іс тергеліп жатыр. Бүгінгі таңға бір кен орнының операторлары, шеберлері мен күзетшілері түнгі уақытта бөшкелерге өндірілген мұнайдың бір бөлігін заңсыз құйып, сатып отырғандары анықталды. Осындай тәсілмен 530 тонна мұнай ұрланғаны белгілі болды. Тергеу жұмыстары жалғасуда», - деді Ақтөбе облыстық прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков.
Прокуратураның дерегіне сүйенсек, қараусыз қалған немесе өндірісі тоқтап тұрған кен орындарынан да мұнайдың ұрланғаны анықталды.
Сонымен қатар, кейбір компаниялар технологиялық шығындар мен жеке қажеттілікке деп мұнайдың бір бөлігін өздеріне алып қалып, есептен шығарып отырған. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы 2014-2016 жылдары 88 мың тонна мұнайды технологиялық шығындар ретінде есептен шығарған. Бұл көлемдер кеңес дәуіріндегі нормативтік құжаттар негізінде анықталды.
«Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-і осы жылдар ішінде 2 мың тонна мұнайды ұңғымаларды ыстықтай жуып шаю үшін пайдаланған. Мұндай шығындарды есептеудің нақты әдістері жоқ. Біздің ойымызша, мұндай жағдай «қара алтын» өндіруші компанияның жұмысшылары ұрланған шикізатты шығын түрінде жасырып қалуға мүмкіндік беріп отыр»,- деді Н. Сүйіндік.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда Ақтөбеде мұнай ұрлығы бойынша 160 қылмыстық іс тіркелген. Өткен жылы 39 дерек анықталды. Шығын 7 миллиард теңгеге есептелді.
Фото: inform.kz