Елімізде шекарааралық қылмыспен күрес күшейеді

Тараптар көші-қон үдерістерін реттеу ұйымдасқан қылмыс діни экстремизм, лаңкестік әрекеттер мен есірткі тасымалының жолына тосқауыл қою мәселелерін талқыға салды.
Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының құқық қорғаушылары Ресейдің көршілес жатқан Новосібір, Омбы, Алтай өлкесінен келген әріптестерін қабылдады, деп жазады Хабар 24 арнасы.

Тараптар көші-қон үдерістерін реттеу ұйымдасқан қылмыс діни экстремизм, лаңкестік әрекеттер мен есірткі тасымалының жолына тосқауыл қою мәселелерін талқыға салды. Шекаралас аймақтың құқық қорғаушылары арасындағы әріптестік бұрыннан бар. Бірлесіп әрекет ету өз жемісін беріп отыр. Екі елдің тәртіп сақшылары өткен жылы 50-ге тарта қылмыстық істің бетін ашқан.

Олар: пәтер тонау, кісі өлімі және қымбат көліктерді айдап әкету, алаяқтық сияқты оқиғалар. Соңғы кезде заң бұзғаны үшін тағайындалатын айыппұлды төлемей, шекара асып кете баратындар саны көбейіпті. Осы бағыттағы жұмысты жандандыруда ақпарат алмасу ұсынысы айтылды. Тараптар екіжақты әріптестікті одан әрі нығайту келісіміне қол қойды.

Юрий Стерликов, РФ Ішкі істер министрлігінің Новосібір облысы бойынша бас басқармасының бастығы:

- Көптеген қылмыстық істердің алдын алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін іздестіру тиімділігі артады. Ең маңыздысы, есірткі және есірткі заттарын заңсыз тасымалдауға тосқауыл қою. Менің ойымша, бұл – Қазақстанға да, Ресейге де өзектілігі жоғары мәселе.

Марат Қожаев, Павлодар облысы ІІД бастығы:

- Осы қарым-қатынасымыздың арқасында былтыр біз Ресей Федерациясына іздестірілген сегіз адамды бердік. Павлодар өңірінде ұйымдасқан қылмыстық бір топты сотқа жеткіздік. Оның аяғы Ресей Федерациясынан шықты. Қылмыскерлер сот алдында жауапқа тартылды.

Фото: 24.kz
Следите за новостями zakon.kz в: