Павлодарда бір топ жігіт төбелесіп, 43 жастағы ер азамат пышақ жарақатынан көз жұмды

Бұрын сотталмаған 25 жастағы Ақсу қаласының тағы бір тұрғыны қайтыс болған ер адамға қатысты бұзақылық әрекет жасады деген күдікпен ұсталды.
11 маусымда таңғы сағат 05:00 шамасында М.Исеналиев көшесінде орналасқан «Арай» сауда үйінің маңында жігіттер жаға ұстасып, нәтижесінде бір адам қайтыс болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

- Таңғы сағат 5:00 шамасында төбелестің орын алғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Үш минуттан соң полиция қызметкерлері оқиға орнына шықты. Ер азаматтар өзара жанжалдасып, төбелес ашқан. Күдікті ретінде ұсталғандардың бірі бұрын сотталған 26 жастағы Ақсу қаласының тұрғыны болып шықты. Ол бірнеше күн бұрын ғана бас бостандығынан айыру орнынан босатылған және дәмхананың маңындағы жанжал барысында 43 жастағы адамға пышақ сұғып алған. Алған жарақаты салдарынан зардап шеккен тұрғын оқиға орнында қайтыс болды, - дейді баспасөз қызметінде.

Бұрын сотталмаған 25 жастағы Ақсу қаласының тағы бір тұрғыны қайтыс болған ер адамға қатысты бұзақылық әрекет жасады деген күдікпен ұсталды. Оқиға орнынан айғақ зат ретінде пышақ, бірнеше ағаш сынығы және бейнебақылау камерасының бейнежазбасы алынды. Облыстық ІІД тергеу басқармасымен ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлімі және 293-бабы 3-бөлімі бойынша тергеу басталды.

Сот сараптамасы тағайындалып, қылмыстық істі тергеу барысы бақылауға алынды. Айта кетейік, «Арай» сауда үйі тәулік бойы жұмыс істейді және спирттік ішімдіктерді сатады. Бұл жағдай дәмхана маңында қылмыс пен құқық бұзушылықтар жасауға себеп болуда. Дәмхана аумағында жасалған құқық бұзушылықтарды талдау негізінде Павлодар қаласы ІІБ «Арай» ЖШС басшылығына құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасауға себеп болатын жағдайлар мен амалдарды жою туралы бірнеше рет ұсыныс жолдаған болатын.

Бұған қоса, бұл тамақтану орнының жұмыс режимін шектеу немесе спирттік ішімдіктерді сату құқығы туралы лицензиясынан айыру бойынша ұсыныс өкілетті органдарға да жолданды. Алайда дәмхана бүгінгі күнге дейін сол режимде жұмыс істеп жатыр. Видео Instagram желісіндегі Tipavlo қауымдастығынан алынды

Фото: Рavlodarnews.kz
Следите за новостями zakon.kz в: