13 маусым күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында кезекшілік жұмыстары кезінде құтқарушы Азамат Қылышев пен құтқарушы-медик Ақылбек Сайынов 12 жасар баланы суға кетуден аман алып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, ата-анасының қарауынсыз балық аулауға барған бала дымқыл бетон плитасынан аяғы тайып кетіп, суға құлаған.
Жүзу білмегендіктен, суға бата бастаған. Дәл осы сәтте құтқарушылар баланы көріп, судан алып шығып, қайыққа отырғызған.
Құтқарушылардың шұғыл әрекеті нәтижесінде бала аман қалды. Айта кетейік, жыл сайын Батыс Қазақстан облысында 20-30 адам суға кетеді.
Мұндай оқиғаларға ұрынбас үшін суға түсу ережелерін қатаң сақтау және балаларды қараусыз қалдырмау қажет.
Фото: inform.kz